Әлемде өмір сүру ұзақтығының ұлғаюы қартаю мен иммунитет арасындағы байланысты түсінудің маңыздылығын айқындауда. Қартаю үдерісі иммундық жүйеге терең әсер етеді, бұл әр түрлі жұқпаларға осалдықтың жоғарылауына, вакциналардың тиімділігінің төмендеуіне және созылмалы аурулардың таралуының артуына әкеледі. Бұл мақалада біз қартайған сайын иммундық қорғанысымыздың неліктен әлсірейтінін және осы құбылыстың негізінде жатқан биологиялық механизмдерді қарастырамыз.
Қартаю иммундық жүйенің туа біткен және адаптивті түрлеріне әсер етеді, нәтижесінде иммундық қартаю деп аталатын құбылыс пайда болады. Бұл термин қартайған сайын иммундық жүйе қызметінің біртіндеп нашарлауын сипаттайды, ол созылмалы жеңіл қабынумен бірге жүреді. Осы үдерістер ағзаның жұқпалармен күресу және вакциналарға тиімді жауап беру қабілетіне нұқсан келтіреді.
Бірінші қатардағы қорғаныс рөлін атқаратын туа біткен иммундық жүйе жас ұлғая тиімділігін жоғалтады. Қартаю макрофагтар, нейтрофилдер және дендритті жасушалар сияқты туа біткен иммундық жасушалардың қызметінің төмендеуіне әкеледі, бұл антигенді өңдеу және цитокин өндіру үдерістерінің бұзылуында көрінеді. Осындай өзгерістер өз кезегінде олардың иммундық жүйенің басқа элементтерін тиімді белсендіру қабілетін әлсіретеді. Сонымен қатар, егде жастағы адамдарда жұқпаларға жауап беруде шешуші рөл атқаратын нейтрофилдердің миграциясының бұзылуы байқалады.
Аурудан ұзақ мерзімді қорғауға жауап беретін адаптивті иммундық жүйе жасына қарай айтарлықтай өзгереді. Т-лимфоциттердің дамып-жетілуіне жауап беретін тимус кішірейе бастайды. Орта жасқа қарай ол әлдеқайда нашар жұмыс істейді және бұл ағзаға жаңа инфекциялармен күресетін жаңа Т- лимфоциттерін түзуге кедергі келтіреді. Сонымен қатар, жас ұлғайған сайын Т жасушаларының әртүрлілігі төмендейді және жаңа жасушалардың орнына зерде жасушалары көбейеді. Ал бұл өз кезегінде жаңа аурулармен күресуді қиындатады. Антиденелер өндіретін В-лимфоциттер де нашар жұмыс істей бастайды, сондықтан егде жастағы адамдар вакцинацияға жиі нашар жауап береді, өйткені олардың ағзасында антиденелер аз синтезделеді.
Созылмалы, бірақ төмен дәрежелі қабыну қартаюға тән белгі болып табылады. Қабыну ағзаның инфекцияға немесе жарақатқа қалыпты реакциясы болғанымен, оның қарт адамдарда тұрақты болуы тіндерге зиян келтіреді және жүрек ауруы, қант диабеті және бас миындағы проблемалар сияқты жасқа байланысты аурулардың ағымын қиындатады. Төмен дәрежелі қабынудың себептері аутореактивті Т- жасушалары, дисбиоз және жасушалық қартаю сияқты факторларды қамтиды. Қабыну медиаторларының жоғарылауы аутоиммунды аурулардың даму ықтималдығы мен тіндердің қалпына келудегі мәселелерімен байланысты.
Қартайған сайын иммунитет әлсіресе де, иммундық жүйені қолдаудың және ауру қаупін азайтудың жолдары бар. Салауатты өмір салты иммундық жүйенің жұмысын қамтамасыз етуде үлкен рөл атқарады.
Жемістерді, көкөністерді, дәнді дақылдарды, майсыз ақуызды және пайдалы майларды көп жеп, қантты, өңделген тағамдарды және қаныққан майларды тұтынуды шектеу арқылы дұрыс тамақтану маңызды.
Тұрақты жаттығулар иммундық жүйенің жұмысын жақсарта алады.
Дұрыс ұйқы, яғни жеткілікті ұйқы (тәулігіне 7-8 сағат) маңызды, өйткені ұйқының болмауы иммунитетті әлсіретеді.
Йога, медитация, табиғатта серуендеу немесе жақын адамдарыңызбен араласу сияқты әдістермен стрессті азайту да пайдалы.
Сонымен қатар, темекі шегуден және алкогольді асыра пайдаланудан бас тарту иммунитетті нығайтуда үлкен маңызға ие.
Қалыпты салмақты сақтау да шешуші рөл атқарады, өйткені артық салмақ пен семіздік иммундық жүйені нашарлатуы мүмкін.
Иммундық жүйенің қалыпты жұмыс істеуі үшін D, С дәрумендері, мырыш және селен сияқты минералдар қажет, бірақ кез-келген биологиялық қоспаны қабылдамас бұрын дәрігермен кеңесу керек.
Пробиотиктер де иммундық жүйені нығайтуға және ас қорытуды жақсартуға көмектеседі.
Қартаю иммундық ландшафтты иммундық қартаю, әлсіз қабыну және тимустың кішіреюі сияқты механизмдер арқылы терең өзгертеді. Бұл өзгерістер инфекцияларға сезімталдықты арттырады және созылмалы ауруларды қиындатады. Өмір сүру ұзақтығы бүкіл әлемде артып келе жатқандықтан, бұл әсерлерді түсіну және азайту егде жастағы адамдардың денсаулығына қатысты нәтижелерді жақсарту үшін өте маңызды болады.
Автор: Абильбаева Арайлым Асылхановна, PhD, С.Ж.Асфендияров атындағы ҚазҰМУ А.А.Шортанбаев атындағы жалпы иммунология кафедрасының қауымдастырылған профессоры